10 Ақп 2021
Жаңалықтар

Отбасы бақыт мекені

 Қ.Сәтбаев атындағы мектепте Отбасы күнін мерекелеу шеңберінде 6-14 қыркүйек аралығында «Отбасы – бақыт мекені» атты апталық өтті. Апталық аясында оқушыларға  «Отбасыңды құрметте» атты үнпарақтар таратылды. 5-6 сынып оқушылары арасында «Біз спортшы отбасы» атты спорттық жарыс ұйымдастырылды. Оған төрт отбасы балаларымен қатынасты. 1-орынды Дуимбаевтар отбасы, 2-орынды Бақытжановтар отбасы, 3-орынды Шандыровтар мен Нусановтар отбасы бөлісті. Жарыс барысында арқан тарту, доппен жүгіру, допты себетке салу, қаппен жүгіру сияқты қызықты эстафеталар жүргізілді.

Апта бойына 3-4 сыныптар арасында «Бақытты жанұя» атты фотокөрме және МДС, 1-2 сыныптар арасында «Менің отбасым» атты қабырға газеті ұйымдастырылды. Оқушылар өз отбасыларының бақытты өмірінен сыр шертетін фотосуреттерін әкеліп, мектеп дәлізінде көрме жасақталды.

Апталықпен қатар өтіп жатырған «Мектепке жол» акциясы аясында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасы балаларына киім-кешектер мен оқу құралдары арқылы көмек берілді. 8-9 қыркүйек күндері «ХХІ ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» республикалық ата-аналар конференциясы оздырылды. Онда отбасындағы интернет қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу, діни экстремизге қарсы тұра білу сияқты келелі мәселелер төңірегінде сөз қозғалып, кеңестер берілді. Әрбір сыныпта отбасын қадірлеу, құрметтеу, сыйлау керектігін дәріптейтін «Отбасы – бақыт мекені» тәрбие сағаттары өткізілді. 10 қыркүйек күні 7-9 сынып оқушылары арасында «Отбасым менің қуатым» тақырыбында флешмоб ұйымдастырылды.

Тасқала ауданының 85 жылдығы қарсаңында, осы апталық шеңберінде 12 қыркүйек күні отбасының қоғамдағы рөлін, отбасылық құндылықтарды насихаттау, туған жерге, отбасына деген құрмет, мақтаныш сезімдерін тәрбиелеу мақсатында  «Отбасының қоғам алдындағы маңызы мен рөлі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған мектептің мұғалімдері мен 8-10 сынып оқушылары қатысты. Дөңгелек үстелге Нұрмақова М.А. – «Ақ тілеу» әжелер ұжымының жетекшісі, Айтжанова Сара апай – «Алтын алқа» иегері, көп балалы ана, Қойшыбаевтар отбасы – облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары, республикалық байқауға қатысушылар қонақ ретінде шақырылды. Дөңгелек үстел барысында шақырылған қонақтар өз өмірлерінен сыр шертіп, балаларға бақытты да мерейлі отбасын құрудың жолдары туралы әңгімеледі. Тасқала өңірі мен ондағы отбасылар үшін жасалып жатқан жақсы істер туралы да айтып өтті. Барлық өткізілген шаралар балалардың отбасы мен туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыруға бағытталды.

Жүсіпқалиева А.У. – мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары